Қазақстанда білім беру жүйесі қалай өзгеруде: жаңа мектептер

Қазақстанда білім беру жүйесі қалай өзгеруде: жаңа мектептер

«Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті»
Қасым - Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақстанда тұрғылықты жеріне қарамастан әрбір баланың сапалы білім алуы үшін қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы жағдайлар жасауға бағытталған тұрақты мемлекеттік саясат жүргізіліп келеді. Бұған соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды мемлекеттік бағдарламалар да ықпал етуде.

Елде жаңа мектептердің құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл төртінші жыл қатарынан жыл сайын 1000-ға жуық ауыл мектептері модернизациядан өтуде. Бұл балалар үшін оқу жағдайларын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді.

Соңғы үш жылда 4 мыңнан астам мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 2 мыңнан астам білім беру ұйымында робототехника, химия, биология, физика және STEМ бойынша заманауи пәндік кабинеттер ашылды. Бір ғана 2024 жылдың қорытындысын алып қарар болсақ, 967 мектепте 1621 пәндік кабинет жабдықталды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, 2029 жылға қарай еліміздің мектептерінде кемінде 7000 заманауи пәндік кабинет ашу жоспарланған.

Білім беру сапасын арттырудың тағы бір маңызды факторы - цифрлық технологияларды енгізу болып табылады. Ұлттық бастамалар аясында мектеп оқулықтарының 100%-ы цифрлық форматқа көшірілді, ал мектептердің 95,2%-да жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік айтарлықтай жақсарды. Білім беру платформалары енгізілуде, жасанды интеллект элементтері оқу процесіне интеграциялануда. Осы шаралардың барлығы оқушыларды болашақтың сын-қатерлеріне дайындауға және олардың бойында ерте жастан цифрлық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.