Заң көмегінің нысандары:
1) өтеулі негізде көрсетілетін заң көмегі;
2) мемлекет кепілдік берген заң көмегі;
3) кешенді әлеуметтік заң көмегі.
Өтеулі негізде заң көмегін көрсету
Егер «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарт негізінде жеке және заңды тұлғаларға ақылы түрде көрсетілетін заң көмегі өтеулі негіздегі заң көмегі деп танылады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегі
Заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп танылады.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін:
1) мемлекеттік органдар "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен, өз құзыреті шегінде құқықтық ақпарат беру түрінде өтеусіз;
2) адвокаттар «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңында белгіленген тәртіппен;
3) нотариустар «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен өтеусіз;
4) жеке сот орындаушылары «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіппен, әлеуметтік маңызы бар істер санатын орындау кезінде өтеусіз көрсетеді.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар
Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.
Құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:
1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға;
2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;
3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге;
4) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңында және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі
Клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін шартқа сәйкес көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету әлеуметтік жауапкершілікті іске асыру нысандарының бірі болып табылады және ерікті түрде жүзеге асырылады.
2. Кешенді әлеуметтік заң көмегі мыналарға:
1) «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға;
2) атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға;
3-1) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
4) бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге;
5) жасына байланысты зейнеткерлерге;
6) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектерге көрсетілуі мүмкін.
Кешенді әлеуметтік заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша көрсетілмейді.