Ақтөбеде заманауи күрес орталығы ашылды

Ақтөбеде заманауи күрес орталығы ашылды

Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың бірі - грек-рим, еркін және әйелдер күресіне арналған жаңа спорт орталығы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған кешенде күніне 1000-ға тарта спортшы жаттыға алады. Жаңа нысан өңірдегі күрес спортын дамытуға және болашақ чемпиондарды даярлауға тың серпін береді.

Нысан "Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы" ММ басқармасының тапсырыс беруімен салынды. Спорт орталығы бұрынғы «Динамо» спорт кешенінің орнына салынды. Ескі ғимарат толық сүріліп, құрылыс жұмыстары 2023 жылдың жазында басталған-ды. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 790 миллион теңге бөлінді.

Жаңа орталық халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда күрес залдары, жалпы дене шынықтыруға арналған зал, спортшылардың қалпына келуіне арналған массаж кабинеті және қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Бүгінде Ақтөбе облысында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша 700-ден астам секция жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде жаттығады.