🏗️ Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған заманауи балабақша құрылысы жалғасуда

🏗️ Ақтөбеде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған заманауи балабақша құрылысы жалғасуда


✅ Құрылыс мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізілуде. Бұл әртүрлі даму ерекшеліктері бар балаларға жеке блоктары қарастырылған бірегей мектепке дейінгі білім беру орталығы болады.

⚜️ Облыс әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік нысанның құрылыс барысын тексерді.

🏢 Бүгінгі таңда нысан 60%-ға дайын. Терезелері орнатылып, сыртқы және ішкі қабырғалары қаланды, сыртқы инженерлік желілері тартылған. Қазіргі уақытта қасбетті әрлеу, ішкі әрлеу жұмыстары және аумақты абаттандыру жүргізілуде. Бас мердігер — «Казстройподряд» ЖШС.

📅 Мектепке дейінгі мекеменің құрылысы 2025 жылдың сәуір айында басталған. Нысанды 2026 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 7.4 млрд теңге.

🏫 Жаңа арнайы балабақша 300 орындық және өңірдегі осындай ірі нысандардың біріне айналады.

🔵 Ғимарат орталық атриумы мен қысқы бағы бар өткелдер арқылы жалғасқан бірнеше екі қабатты блоктан тұрады. Жобада тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеті, сондай-ақ интеллекті бұзылған балаларға арналған жеке блоктар қарастырылған.

🏥 Топтық бөлмелерден бөлек, балабақшада медициналық блок, бассейн, акт залы, ас блогы, әкімшілік кабинеттер және түзету жұмыстарына арналған арнайы кабинеттер орналастырылады. Сондай-ақ, кедергісіз орта қалыптастыру мен қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

📌 Облыс әкімі нысан құрылысын сапалы әрі уақытында аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ерекше балаларға қолайлы жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Балабақша заманауи талаптарға сай болып, қауіпсіз, ыңғайлы және балалар мен ата-аналар үшін қолжетімді болуы тиіс»


, – деді өңір басшысы.

🌟 Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған сапалы мектепке дейінгі және түзету білімінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді деп күтілуде.