
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының Тоғыз ауылында жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Енді ауыл тұрғындары алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде ала алады.
Аталған нысан Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасынының тапсырыс беруімен және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қайтарылған активтер есебінен салынды.
Бір ауысымда 25 адамды қабылдауға арналған нысан – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі.
Құрылыс екі кезеңде жүзеге асырылды. Алғашқы кезеңде ғимарат бой көтеріп, оған облыстық бюджеттен 10,3 млн теңге және Арнайы мемлекеттік қордан 97,8 млн теңге бөлінді. Жобаны «Каз Элит Строй Сервис» ЖШС жүзеге асырып, жалпы құны 131,9 млн теңгені құрайтын жұмыстар толық аяқталды.
Екінші кезеңде нысанды толық іске қосу үшін сыртқы инженерлік желілер тартылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 20 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, нәтижесінде медициналық пункт қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілді.
Жаңа нысан заманауи талаптарға сай жабдықталған және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде көрсетуге мүмкіндік береді
Тоғыз ауылындағы жаңа медициналық пункт – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Енді тұрғындар медициналық көмекті дер кезінде, өз ауылында ала алады.