
Шалқар қаласында болашақ чемпиондарды дайындайтын жаңа, заманауи В.Н. Цеханович атындағы спорт кешені есігін айқара ашты.
Бұл спорт мектебі бокс, дзюдо және грек-рим күресі бойынша чемпиондарды тәрбиелейтін нағыз ұстахана ретінде танылған.
Аталған нысан Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысының тапсырыс беруімен салынды.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, өңірлік коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов, жергілікті тұрғындар мен спортшылар қатысты. Салтанатты шараға Самара қаласынан Владимир Цехановичтің қызы – Елена Цеханович арнайы келіп, әкесінің есімі берілген мектептің ашылуына жеке өзі куә болды.
Спорт кешені №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің базасында салынған. Мұнда грек-рим күресі, бокс және дзюдо сияқты олимпиадалық спорт түрлері бойынша жас спортшыларды дайындауға барлық жағдай жасалған. Залдарда бір мезетте жүзден астам бала жаттыға алады. Бұл қатысушылар санына шектеу қоймай, жаттығулар мен жарыстарды толық көлемде өткізуге мүмкіндік береді. Кешенде жаттығу залы, киім ауыстыратын бөлмелер және 300 орындық трибуна бар.
Жаңа спорт кешені тек жаттығу орны ғана емес, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар өтетін заманауи алаңға айналады. Ол болашақ чемпиондарды даярлауға, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және шалқарлықтардың спорттық өмірге белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік береді.