
Таяу күндері Шалқар қаласында жаңа спорт ғимараты пайдалануға беріледі.
В.Н. Цеханович атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты нысан екі қабатты. Кешенде ойын спорт залы, бокс және күрес залдары, жаттығу бөлмелері мен әкімшілік блок қарастырылған. Ғимаратта бір мезетте жүзден аса адам жаттыға алады, ал негізгі залда 300 орындық көрермендер трибунасы бар.
Айтып өтейік, 2023 жылғы қазан айында Шалқар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров спорт мектебін бұзып, қайта салу туралы тапсырма берген еді.
Спортшылардың ұстаханасына айналған Цеханович мектебінің ғимараты 1904 жылы локомотив депосының асханасы ретінде салынған. 1971 жылы асхана спорт мектебінің күрес залына бейімделді. Бүгінде мұнда 900-ге жуық бала жаттығады.
Жоба Президенттің бұқаралық спортты дамыту және спорт инфрақұрылымын кеңейту аясында іске асырылды. Жауаптылардың мәліметінше, нысанның ашылуы жас спортшылардың жаттығуына және жарыстар өткізуге жаңа мүмкіндік береді.