⚜️ Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-2 тұрғын алабында жаңа мектеп ашылды!

⚜️ Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-2 тұрғын алабында жаңа мектеп ашылды!

Жаңа жылдан бастап Ақтөбе қаласының Жаңақоныс-2 тұрғын алабында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа жалпы білім беретін мектеп өз жұмысын бастады.

Мектеп 600 оқушыға шақталған және мектепалды даярлықтан бастап жоғары сыныптарға дейінгі жалпы орта білім берудің барлық деңгейін қамтиды. Қазіргі таңда мұнда 662 оқушы білім алуда, 33 сынып-комплект қалыптастырылған.

Сапалы білім беру үдерісін ұйымдастыру үшін мектепте 48 оқу кабинеті жұмыс істейді, оның ішінде негізгі пәндер бойынша жабдықталған арнайы кабинеттер бар. Оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамыту мақсатында физика, химия және биология пәндерінің зертханалары жабдықталған. Сонымен қатар информатика, еңбекке баулу сабақтарын өткізуге, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған.

Жаңақоныс-2 тұрғын алабында жаңа мектептің ашылуы - білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты және «Келешек мектептері» ұлттық жобасын іске асыру жолындағы маңызды қадам. Жоба өскелең ұрпақ үшін жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.