Қазақстан тұрғын үй компаниясы қолжетімді баспана құрылысына серпін беруде

Қазақстан тұрғын үй компаниясы қолжетімді баспана құрылысына серпін беруде

Жеке сектордың белсенділігін арттыру, сонымен қатар елімізде қолжетімді баспана құрылысының көлемін ұлғайту - «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамы әзірлеген бағдарламаның басты мақсаты. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында компанияның басқарушы директоры Елдан Алибеков ҚТК тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетудің негізгі тетіктерін таныстырды.

Компания өз қызметін үш негізгі бағытта жүзеге асырады:
1. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды кепілдендіру;
2. Қалалық және аз қабатты құрылыс жобаларын қаржыландыру;
3. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатып алу.

2009 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта ҚТК-ның қолдауымен жалпы құны 3,1 трлн теңгені құрайтын жобалар жүзеге асырылған. Бұл 16,4 млн шаршы метр немесе 212,5 мың пәтердің пайдалануға берілгенін көрсетеді. 2024 жылы компанияның үлесі республика бойынша салынған көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы көлемінің 26% тең болды.

Кепілдендіру тетігі үлескерлердің қаражатын 100% қорғауға мүмкіндік береді. Егер құрылыс мерзімдері кешіксе, қаражат мақсатсыз жұмсалса немесе құрылыс компаниясы банкротқа ұшыраса, ҚТК нысанды аяқтап, пәтерлерді үлескерлерге тапсырады.

Бағдарлама құрылыс салушыларға ерте кезеңде қаражат тартуға жол ашады және сатып алушылар үшін «ипотекалық арнаны» ұсынады. Солардың бірі — ҚТК мен «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын «Орда Аймақ» ипотекалық өнімі:

  • несие сомасы – 2 млн 75 млн теңгеге дейін;
    * бастапқы жарна – 20%;
    * мерзімі – 24 айдан 240 айға дейін;
    * пайыздық мөлшерлеме – жылына 15,9%;
    * тиімді мөлшерлеме – 17,3%-дан 19,3%-ға дейін.

2025 жылғы 30 маусымда енгізілген заңнамалық өзгерістер құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды жеңілдетті: жұмыс тәжірибесі 3 жылдан 2 жылға қысқарып, іске асырылған нысандардың көлемі ірі қалаларда 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге, ал өңірлерде 9 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін төмендетілді. Сонымен қатар, үлестік қатысу тетігі енді жеке тұрғын үйлерден тұратын аз қабатты кешендерге де қолданылатын болды.