
Бұрынғы мектеп 1985 жылы салынған.
Республика күнінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданына қарасты Құмтоғай ауылында 100 орындық жаңа мектеп ғимараты ашылды. Шараға ауыл тұрғындары, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Салтанатты рәсімде Ырғыз ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Азамат Махаев құмтоғайлықтарды Республика күнімен және жаңа мектептің пайдалануға берілуімен құттықтап, білім ұясының ауыл өмірінде алатын орны ерекше екенін атап өтті.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Марал Төлеуұлы игі тілегін айтып, жаңа нысанның табалдырығын алғаш аттаған оқушыларға батасын берді.
Жиыннан кейін қонақтар мен ауыл тұрғындары мектеп ішін аралап, оқу кабинеттері мен зертханаларымен танысты. Екі қабатты жаңа мектеп ғимаратында оқу блоктары мен спорт залы орналасқан. Заманауи құрал-жабдықтар және жаңа жиһаздармен қамтылған сыныптар жұртшылықтың оң бағасын алды.
Ата-аналар мен ауыл тұрғындары білім ордасының құрылысына қолдау көрсеткен баршаға алғыстарын жеткізді.
Құмтоғай жалпы білім беретін орта мектебінің құрылысы 2023 жылы басталды. Бас мердігер – «ЕРЗАТ» өндірістік кооперативі.
Бүгінгі күні ауылда 495 тұрғын бар, бала саны - 114.