Қандыағаш қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған “Ұлт бірлігі - ұлы байлық” атты мерекелік іс-шара ашық аспан астында кең көлемде ұйымдастырылды.
Бұл мейрам – еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіріп, достық пен татулықты дәріптейтін ерекше күн. Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
Мерекеге орай Мұғалжар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі Атамекен кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалымен бірлесіп, ауданның өнім шығарушыларының «Бір ауыл-бір өнім» көрмесі өткізілді.
Көрменің негізгі мақсаты ауыл кәсіпкерлерінің еңбегін таныстыру және жергілікті өнімдерді насихаттау. Көрмеге ауданның 20 кәсіпкері қатысты.
Көрмеде кәсіпкерлер сүт, ет өнімдерін, қолөнер, зергерлік бұйымдарын, жылыжай, кондитер және тоқыма өнімдерін ұсынды.
Сондай-ақ аудандағы бірнеше ұлт өкілдері мерекелік іс-шараға жиналған тұрғындарға ұлттық өнімдерін ұсынып, дәм татқызды.
Іс-шара барысында аудан өнерпаздары түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық әндері мен билерін орындап, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.