Алаяқтардың арбауына жол бермеңіз

Алаяқтардың арбауына жол бермеңіз

Бүгінгі таңда алаяқтықтың ең кең таралып жатқан қауіпті түрі – ол интернет арқылы жасалатын алаяқтық.

Интернет торабындағы айлакерлер өз қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін әлеуметтік желілерді кең пайдаланып отыр.

Алаяқтардың арбауына кез келген адам түсіп қалуы ықтимал, себебі интернет байланыстың ар жағындағы адамның ақ-қарасын ажырату қиын.

Күннен күнге интернеттің мүмкіндігі артқан сайын алаяқтардың әдіс-тәсілдері өзгеріп, жаңарып отырады.

Интернет пайдаланушысын алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған орны барлығының пайдалануындағы Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желілері және OLX.kz жарнама сервисі болып отыр.

Көбінесе алаяқтар әлеуметтік желілерде жалған хабарландырулар орналастырады немесе сіздің орналастырған жарнамаңыз бойынша сатып алушы ретінде хабарласып, жеткізу қызметі арқылы тауарды салып жіберуіңізді, ол үшін белгісіз сайтқа өтіп, банк картаңыздың деректерін жазуыңызды сұрайды.

Одан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқтар құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеп, талайды қарызға батыруда.

Банктің қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақтаулы тұрған  ақша қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына жеке шот нөмірін, ұялы телефонға келген құпия сөзді айтқызып, ақшаны өзіне аударып алатын алаяқтар көптеп кездесіп жатыр.                                               

Одан басқа, кейбір интернет бағдарламаларды смартфоныңызға не компьютеріңізге орнатқан жағдайда олардың қаншалықты қауіпсіз екендігіне көз жеткізген абзал. Кейбіреулері, мысалы AnyDesk бағдарламасы арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оп-оңай кіріп, әртүрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алатыны анықталып жатыр.                                                          

Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: жеке мәліметтеріңізді, банк карталарының сандарын, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеу, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмау, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпау, таныс емес нөмірден келген кез келген сілтеме бойынша өтпеу. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.

 

 

                                                               Мұғалжар ауданының прокуратурасы