“САЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ”: ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТЫҚ АНСАМБЛЬДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

“САЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ”: ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТЫҚ АНСАМБЛЬДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Бүгін Қандыағаш қаласында Қазақ музыкасының ғылыми негізін қалаған көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, академик, ұлт мақтанышы Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 120 жылдығына орай «Саз әлемінің сардары» республикалық қазақ халық аспаптық ансамбльдер байқауы өз шымылдығын түрді.
Салтанатты шара қазақтың қоңыр әуезіне айналған Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнінің әсерлі композициясымен ашылып, көрерменді бірден өнердің тұнық әлеміне жетеледі.
Мұғалжар ауданы әкімдігінің қолдауымен 2023 жылы бастау алған «Саз әлемінің сардары» байқауы жыл сайын кең қанат жайып келеді. Алғашқы жылы облыстық деңгейде үш ансамбль мен он беске жуық жеке орындаушы қатысса, 2025 жылы байқау республикалық деңгейге көтеріліп, қатысушылар саны 18-ге жетті. Биыл бұл өнер додасы ауданда үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Дәстүрлі байқаудың басты мақсаты – Ахмет Жұбанов шығармашылығын кеңінен насихаттау, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру, ұлттық аспатық өнердің дамуына серпін беру.

Байқаудың әділ қазылар алқасы да ұлттық өнердің майталмандарынан жасақталған. Қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Нұркен Аширов. Сондай-ақ қазылар құрамында Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы жанындағы Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мадина Кабижанова-Бисенгалиева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, аталған филармонияның «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бахитбек Зейнелов, сондай-ақ ҚР Күйшілер одағының Ақтөбе облыстық филиалының мүшесі, композитор-күйші, Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжінің оқытушысы Балымбет Күзембаев және Мұғалжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина бар.
Мерекелік кештің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Алтынай Юнисова мен аудан әкімі Дархан Ермағанбетов өнер додасының маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.