ӘЗ-НАУРЫЗ - ЖЫЛ БАСЫ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

ӘЗ-НАУРЫЗ - ЖЫЛ БАСЫ, ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

Қандыағаш қаласында Наурыз мерекесіне орай «Әз-Наурыз - жаңғыру нышаны, шабыт мерекесі» атты көпшілік халық серуені өтті. Орталық саябақта өткен мерекелік іс-шарада Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов аудан тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады.

Мерекеге орай орталық саябақта 10 киіз үй тігілді. Мерекені тамашалауға келген тұрғындарға мекемелердің мерекелік дастарханы ұйымдастырылды. Мерекеге жиналған жұртшылық наурыз көже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Мерекеге орай орталық саябақтағы тігілген киіз үйлерге Ыбырай Алтынсарин ауылы, Жамбыл Жабаев ауылы, Исатай Тайманұлы ауылы, Абылай хан ордасы, Әлихан Бөкейхан ауылы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы ауылы, Ахмет Жұбанов ауылы, Қабанбай батыр ауылы, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл және Қайрат Рысқұлбеков ауылы атаулары берілді.

Орталық саябақта аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен концерт және театрландырылған мерекелік көріністер ұйымдастырылды. Ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, жылжымалы көрмелер өткізілді.

Халықтық серуенде 2120 литр наурыз көже мен 2550 келі бауырсақ және басқа да түрлі ұлттық тағамдар қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылды.

Сонымен қатар мерекелік іс-шарада «Ең әдемі киіз үй» байқауында жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар және түрлі номинацияларға ие болғандар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Мерекелік іс-шара спорттық-бұқаралық ойындармен жалғасып, тұрғындар арасында гір көтеру, қол күресі, арқан тартыс сайыстар өткізілді. Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегер атанғандар дипломдармен және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өтуіне Қандыағаш қаласындағы кәсіпорын мен мекемелері, жеке кәсіпкерлер, мейрамхана мен кафе иелері белсене атсалысты.