АУДАН ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАУЫНГЕР ӘЛІБИ ІДІРІСТІ ҚАБЫЛДАДЫ

АУДАН ӘКІМІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАУЫНГЕР ӘЛІБИ ІДІРІСТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов жерлесіміз, еліміздің мақтанышы спортшы Әліби Ідірісті қабылдап, АҚШ мемлекетінде өткен UFC-дегі алғашқы жеңісімен құттықтады.

-Сіз өз ерік-жігеріңіз бен шеберлігіңіздің арқасында еліміздің абыройын асқақтатып жүрсіз. Бұл UFC-дегі алғашқы жеңісіңіз алдағы уақытта да жарқын жетістіктерге жол ашатын жеңіс болатынына сенімдімін. Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат және жаңа жетістіктер тілеймін, - деді аудан әкімі.

Кездесу жылы жүздесу мен ізгі тілектерге ұласты. Өз кезегінде спортшы Әліби Ідіріс аудан басшысына қолдау мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, Әліби Ідіріс 22 ақпан күні Хьюстон қаласында өткен “UFC FIGHT NIGHT 267” турнирінде ямайкалық қарсыласы Оде Осборнды төрешілердің шешімімен тізе бүктірді.

Жерлесіміз бұған дейін үлкен турнирлерде, соның ішінде Eagle FC (Хабиб Нурмагомедовтың лигасы) секілді ұйымдарда өнер көрсетіп, жеңіске жеткен. Спортқа деген махаббатының арқасында кәсіпқой деңгейге көтерілген қазақстандық жауынгерлердің бірі.

Қабылдаудан кейін Қандыағаш қалалық №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жас спортшылармен кездесті.