
Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайыркен Әлиев жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына келді.
Сапар аясында аудан әкімдігінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында тұрғындарымен кездесіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтың төрағалығымен өткен кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері, бөлім және мекеме басшылары, ардагерлер, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесуде алдымен Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Бекжан 2025 жылы атқарылған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы бойынша есеп беріп, алдағы жоспарларын баяндады. Құқық бұзушылық туралы жаңа заңнаманы Ақтөбе облыстық полиция департаментінің профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының полиция подполковнигі Жаслан Жалгасбаев түсіндіріп өтті.
Кездесуде сөз алған аудан әкімі Дархан Жанысханұлы атқарушы органдар тарапынан аудандағы қылмыстың алдын алу бойынша іс-шаралар барынша жүйелі жүргізілетінін және полицияға жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
Ашық, еркін форматта өткен жиында облыстық полиция департаментінің бастығы қоғамдағы өзекті мәселелерге, оның ішінде: тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар қылмысы, нашақорлық, интернет-алаяқтық, жол қозғалысы қауіпсіздігі, мал ұрлығы мәселелеріне тоқталып, сақтық шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу соңында Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайыркен Әлиев полиция мен азаматтар арасындағы ынтымақтастық пен сенімді қарым-қатынас орнату — қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге атсалысқан мұғалжарлықтарды Алғыс хатпен марапаттады.