
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов жұмыс сапарымен Мұғалжар ауданына келді. Сапар барысында Сенат депутаты Қандыағаш қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Қандыағаш теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстырды.
Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқаруында, мердігер ұйым – «Абай&C» ЖШС-і жүргізуде.
Бұдан кейін Сенат депутаты Мұғалжар аудандық ауруханасының және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының жұмыстарын қарады.
Сонымен қатар «Самал» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Сенат депутаты Амангелді Нұғманов бұл жобаның өңірдің мәдени және білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін маңыздылығын айтып, нысандарды сапалы және уақытылы тапсыру керектігін ескертті.
Сапар соңында аудан әкімдігінде өңірдің 2026 жылға арналған өзекті және перспективалық мәселелерін талқылау үшін облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен бірге аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуде сөз алған халық қалаулысы атқарылған жұмыстары бойынша мәліметтер беріп өтті.
-2025 жыл депутаттық корпус үшін өте өзекті іс шараларға толы жыл болды. Жыл басынан бері Сенатта 102 заң қаралды. Аталған заңдар елдің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Сонымен қатар қоғамдық өмірде кеңінен қолданылып келе жатқан жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Сондай-ақ елдің басты қаржылық құжаты – алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет қабылданды, - деді Сенат депутаты.