ДЕПУТАТТАР АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ДЕПУТАТТАР АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мұғалжар ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Наурызбек Сарбасов келді.

Сапар аясында Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовпен аудандық маслихаттың төрағасы Камшат Ермағамбетов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жұматай Бисенов Қандыағаш қаласындағы бірқатар нысандар мен мекемелердің жұмыстарымен таныстырды.

Алдымен депутаттар Қандыағаш қаласында ашылған жаңа мал сою пунктінің жұмысымен танысты. Жаңа нысан өткен жылы «Жақсылық-2025» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жанынан ашылды. Жаңа нысан заманауи құралдармен жабдықталған, ветеринарлық талаптарға сай әрі қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Сойылған малды сақтауға арналған тоңазытқыштары да бар.

Депутаттармен кездесуде нысан иесі Ерлан Анарбеков мал сою пунктін алдағы уақытта кеңейткісі келетінін айтып, жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев нысан иесінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Бұдан кейін халық қалаулылары «Алтын сапа» тігін цехының, Қандыағаш вагон депосының жұмыстарымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті.

Депутаттар «Неохим» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорын басшысының атқарылып жатқан жұмыстарының есептерін тыңдады. Кәсіпорын жоғары сапалы кірпіш өнімдерін шығарады. Бүгінде Қандыағаш қаласындағы кірпіш шыға­ратын зауытының өнімдері тұ­тыну­шылардың сұранысына ие болып отыр.

Ақтөбе облысының индустрияландыру картасына енген кәсіпорынның жұмысымен танысқан депутаттар олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сапар соңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Әлішев аудан әкімдігінде Мұғалжар ауданының белсенді жастарымен кездесті.