АУДАН ӘКІМІ СПОРТШЫЛАРДЫ МАРАПАТТАДЫ

АУДАН  ӘКІМІ  СПОРТШЫЛАРДЫ  МАРАПАТТАДЫ

Ауданымызда спорт саласының дамуына сүбелі үлес қосып, тхэквондодан түрлі деңгейдегі додаларда ел мерейін үстем етіп жүрген спортшылар мен олардың бапкері аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің қабылдауында болды.

Қабылдауға тхэквондодан ел чемпионатында, республикалық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз бен жүлдегер атанған Ермек Ығылман, Бекарыс Шынықұл, Мирас Айтмағамбетов, Әлім Мыңжасаров, Наргиза Сағындықова, Дәулеткерей Еңсепов және бапкері Мирхан Темірлан және спортшылардың ата-аналары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы спортшылардың жеткен жетістіктеріне тоқталып, олардың қай спорт түрімен айналысатыны, алдағы жарыстарға дайындығы жөнінде сұрады.

Қабылдауға қатысқан жас тхэквондошылар мен бапкері Мирхан Темірлан жарыстардан алған әсерлерін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жас спортшылардың табандылығы мен ерік-жігеріне ризашылығын білдірген аудан басшысы оларды Алғыс хаттармен марапаттап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.

Кездесу жылы жүздесу мен ізгі тілектерге ұласып, спортшылар мен жаттықтырушылар аудан басшысына қолдау мен қамқорлығы үшін алғыс білдірді.