АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС, АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕ АУҚЫМДЫ

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС, АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕ АУҚЫМДЫ

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов Қандыағаш қаласының тұрғындарымен кездесті.
Қандыағаш қалалық №1 және №5 жалпы білім беретін орта мектептерінде өткен кездесулерде Қандыағаш қаласы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Азат Темірбек тұрғындардың алдында жыл басынан жасалған жұмыстардың нәтижесін қорытындылады. Жоспардағы жобалармен таныстырып өтті.

Аудан басшысы Дархан Жанысханұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы атқарылар жұмыстар барысына тоқталды.

Ағымдағы жылы Қандыағаш қаласында маңызды жобалар қолға алынды. Жаңадан әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымдар жаңартылуда.
Қандыағаш қаласының Баймұханбетов, Жеңіс даңғылы, Есет батыр, Жамбыл Жабаев, Алтынды, Байғанин, Қалиев көшелеріне жөндеу жұмыстары жоспарланып жүзеге асырылды.

Сондай-ақ аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар «Қандыағаш- Ембі- Шалқар- Ырғыз» автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қандыағаш қаласынан Ізімбет ауылына дейінгі 50 шақырым жолды асфальттау жұмыстары жүргізілді.

«Достық» мөлтек ауданы №13, №20, «Самал» мөлтек ауданы №49 көпқабатты тұрғын үйлер терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуден өтті.

Бүгінгі таңда терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары «Жастық» мөлтек ауданы №14 және Ж.Жабаев көшесіндегі №70 көпқабатты тұрғын үйлердің жұмыстары басталды. Ал Есет батыр көшесіндегі №13 үйдің төбесін жабу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Жастық» мөлтек ауданы №7 А үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер жұмыс жоспарына енгізіліп, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Кездесулер барысында тұрғындар толғандырған сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.