
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Мұғалжар ауданына келді.
Топ құрамында облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Аслан Сайлауов, еңбек ардагері Нұрхан Ақниязов, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрәулет Алдашев, Еңбек мобильділігі орталығының маманы Нұржан Қапышев, Мұғалжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов болды.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Ақкемер ауылындағы Элеватор жұмысшыларымен және Елек негізгі мектебінің ұжымымен кездесті.
Кездесулерде топ мүшелері Президент елді қысқа мерзім ішінде озық цифрлық мемлекетке айналдыруды басты мақсат ретінде белгілегенін, Жасанды интеллект министрлігінің құрылуы, Цифрлық кодекстің қабылдануы және цифрлық активтер қорын қалыптастыру – заман талабына сай қабылданған шешімдер екенін жеткізді.
Бұл қадамдар еліміздің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттырып, жаңа технологиялық серпін беретінін, Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде мұндай бастамалардың маңызы зор екендігін атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылардың толғандырған сауалдарына жауаптар берілді.