ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – АДАЛ ЕҢБЕК ҮЛГІСІ

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – АДАЛ ЕҢБЕК ҮЛГІСІ

Қандыағаш қаласында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты аудандық жастар форум-фестивалі өтті.

Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған форум-фестивалге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов қатысты.

Әр колледж білім ордасында қандай жұмысшы мамандықтар әзірленетіні туралы мағлұматтар орналастырып, колледж қабырғасында жасалған жұмыстардан көрме ұйымдастырды. Облыс әкімінің орынбасары әр колледждің жұмысымен танысты.

Іс-шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жолдас Нұрланұлы жастарды техникалық мамандықтарға баулудың маңызды екендігіне тоқталып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі мен олардың экономикалық даму үшін қажеттілігін атап өтті.

Форум-фестивалге Ақтөбе, Қандыағаш пен Ембі қалаларынан қатысқан техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері өз жетістіктері мен инновациялық жаңалықтарын ұсынды. Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының тәжірибелері көрсетіліп, жұмысшы мамандықтар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Форум соңында қатысушылар марапатталды.

Бұл форум-фестиваль жастарды техникалық мамандықтарға тартудағы маңызды қадам болды, сондай-ақ кәсіби өсу мен мансаптық дамудың нақты мүмкіндіктерін көрсетті.