2025 жылғы 23–24 шілде аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Жер–2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығудың мақсаты – азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылдарын жетілдіру, сондай-ақ жойқын жер сілкінісі жағдайында басқару органдары мен күштердің дайындық деңгейін арттыру болды.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғ. Елеуовтің төрағалығымен төтенше жағдайларды жою жөніндегі комиссияның жоспардан тыс отырысы өтті. Онда тартылған мемлекеттік органдарға, сондай-ақ облыстық азаматтық қорғау қызметтеріне нақты міндеттер жүктелді. Облыстың іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Дабыл–1001» және «Керуен–2002» сигналдары бойынша барлық тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайға дайындық режиміне келтірілді.
Шымкент қаласында апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін Ақтөбе облысынан 470 адам мен 65 техника бірлігі жұмылдырылды. Бұл құрам республикалық және өңірлік деңгейдегі төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге арналған жоспарға сәйкес құрылды. Күштер мен құралдарды жеткізу теміржол және автомобиль көлігі арқылы аралас әдіспен жүзеге асырылды. Оқу-жаттығу барысында қойылған барлық міндеттер толық көлемде іске асырылды.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін облыс әкімінің орынбасары Ғ. Елеуовтің төрағалығымен «Жер–2025» оқу-жаттығуының нәтижелерін талқылауға арналған қорытынды жиналыс өтті. Жиын барысында қатысушылардың іс-қимылдары мен үйлестіру деңгейі бағаланып, болашақта жетілдіруді қажет ететін бағыттар анықталды.