ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ - БАСТЫ МАҚСАТ

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУ - БАСТЫ МАҚСАТ

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов және ардагерлер Қандыағаш қаласының экологиялық жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға бақылау жүргізу мақсатында қала аумағында орналасқан кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты.

Алдымен аудан әкімі бастаған топ "Кентавр" ЖШС-нің өндіріс қалдықтары төгілетін буландырғыш тоған аймағына барды. Жалпы аумағы 70 гектар болатын тоғанда 6 карта бар. Бір картаға шамамен 90 текше метр өндірістік-техникалық су қалдықтары сияды. Жағымсыз иісті көтеріп тұрған осы картадағы су қалдықтары.

Мекеме басшылығы бүгінгі таңда кәсіпорын жағымсыз иісті болдырмау мақсатында түркиялық технология бойынша жергілікті тазалау кешенінің жобасын дайындағанын, бұл жобаға 5,2 млрд. теңге қаражат бөлінген жағдайда жұмыстардың жүргізілетіндігін жеткізді.

Бұдан кейін ардагерлер "Неохим" компаниясына қарайтын газоблок шығаратын зауыттың жұмыс барысымен танысты.
Зауыт жоғары сапалы газоблок өнімдерін шығарады. Бүгінде Қандыағаш қаласындағы газоблок шыға­ратын зауытының өнімдері тұ­тыну­шылардың сұранысына ие болып отыр.

Сонымен қатар терможабынды (минвата) өндіретін "Казтермогрупп" зауытының жұмысын қарады. Кәсіпорын басшыларының экологиялық талаптарды орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарының есептерін тыңдады.

Ақтөбе облысының индустрияландыру картасына енген кәсіпорындардың жұмысымен танысқан ардагерлер олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ аудан әкімі және ардагерлер Қандыағаш қаласының тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жұмысымен танысты.