2024 жылғы 3-5 қыркүйек аралығында Корея Ұлттық зейнетақы қызметінің делегациясы "БЖЗҚ"АҚ кеңсесінде болды. Екі елдің зейнетақы жүйелері, сын-тегеуріндер мен оларды шешудің ықтимал жолдары, сондай-ақ, ынтымақтастық келешегі талқыланды. Кореяның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қысқаша шолу жасайық.
Оңтүстік Корея өзінің зейнетақы жүйесін екі негізгі министрлік арқылы басқарады: Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі, сондай-ақ, Еңбек және жұмыспен қамту министрлігі.
Әлеуметтік қамсыздандыру түрлері:
1 Ұлттық зейнетақы: жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қамтиды. Жарналар қызметкер мен жұмыс беруші арасында тең бөлініп, кірістің 9% құрайды (әрқайсысы 4,5%). Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 9% жарнаны өздері төлейді. Бұл келесі төлемдерді қамтамасыз етеді:
🔸 Зейнет жасына толуға байланысты зейнетақы
🔸Мүгедектік бойынша зейнетақы
🔸Асыраушысынан айрылу бойынша зейнетақы
🔸Біржолғы өтемақы төлемдері
2 Медициналық сақтандыру: кірістің 7,09% мөлшерлемесі. Келесіні қамтиды:
🔹 Медициналық жәрдемақылар
🔹 Жүктілік және босану бойынша жәрдемақылар
3 Жұмыспен қамтуды сақтандыру: жарналар кірістің 1,8% құрайды. Келесіні қамтиды:
🔸 Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы
🔸 Қайта даярлау және жұмыс табуға көмектесу
4 Жазатайым оқиғалардан сақтандыру: кірістің 1,47% мөлшерлемесі. Келесіні қамтамасыз етеді:
🔹 Мүгедектік және асыраушысынан айрылу бойынша зейнетақы
🔹 Жерлеуге арналған біржолғы гранттар мен төлемдер
Зейнетақы жүйесінің құрылымы:
1Базалық зейнетақы (0 деңгей): 64 жастан асқан азаматтардың шамамен 70% алып, мемлекеттік бюджет есебінен белгіленген қаражат негізінде төленеді.
2 Ұлттық зейнетақы (1 деңгей): 18 жастан 59 жасқа дейінгі барлық тұрғындарды қамтиды. Кем дегенде 10 жыл төленуі тиіс жарналар мен жұмыс істеген жылдар негізінде төленеді.
3Корпоративтік және жеке зейнетақы (2 және 3 деңгейлер): корпоративтік зейнетақы кіріске, ал жеке зейнетақы — жинақ сомасы мен ерікті жарналарға тәуелді.
4 Арнайы кәсіптік зейнетақы: мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге және ерекше есептеу шарттары бар мұғалімдерге арналған.