
Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі. Агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңір тұрғындарының сапалы әрі уақытылы мемлекеттік қызмет алуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіру Департамент тарапынан жүргізілетін жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер, қашықтықтан бақылау шаралары, сондай-ақ Telegram-бот арқылы және өзге де байланыс арналары арқылы келіп түскен өтініштер негізінде жүзеге асырылады. Әрбір өтініш жан-жақты қаралып, заңнама талаптарының сақталуы мұқият тексеріледі.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Департамент жүргізген қашықтықтан бақылау нәтижесінде облыстың қалалық және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдері тарапынан «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік қызметін көрсету барысында жүйелі кемшіліктер анықталды.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, қызмет алушыға сәулет-жоспарлау тапсырмасымен бірге тиісті инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар міндетті түрде ұсынылуы тиіс. Бұл талап құрылыс нысандарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ инфрақұрылымдық жүктемелерді дұрыс есептеуге негіз болады.
Алайда бірқатар жағдайларда аталған бөлімдер тарапынан техникалық шарттарсыз мемлекеттік қызмет көрсету фактілері тіркелген. Мұндай бұзушылықтар қызмет алушылардың құқықтарының шектелуіне, сондай-ақ жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу барысында қосымша қиындықтар мен кідірістердің туындауына себеп болған.
Аталған заңбұзушылықтарға байланысты Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін сақтамаудың 2600-ге жуық дерегі анықталды. Әрбір факт бойынша жауапты мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар жолданып, заңнама талаптарын қалпына келтіру жөнінде нақты шаралар қабылданды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде қажетті техникалық шарттар рәсімделіп, 431 қызмет алушының бұзылған құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жауапты бөлімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ішкі бақылау тетіктерін күшейту тапсырылды.
Мұндай жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға, ашықтық пен заңдылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Департамент алдағы уақытта да азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.
Досекешова Аружан Ерлановна – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы.