🏫 Сарыжар ауылында «Жайлы мектеп» бой көтерді

🏫 Сарыжар ауылында «Жайлы мектеп» бой көтерді

⚜️ Облыс әкімі Мәртөк ауданына жұмыс сапарымен барды. Асхат Шахаров Сарыжар ауылында болып, Мемлекет басшының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған білім беру мекемесін аралады. Өңір басшысы мектеп айналасын абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізіп, құрылыс жобасын барлық талапқа сай болуын қадағалау керек деп жауаптылар алдына міндет қойды.

📌 300 орындық оқу ордасында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын, мердігер ұйым аула аумағын абаттандыруға кірісіп жатыр. Мектепті биыл оқу жылының соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, облыста барлығы 14 жайлы мектеп салынады. Олардың екеуі былтыр пайдалануға берілді. Қалғандарын жаңа оқу жылының басында тапсыру көзделген. Бұл білім ошақтары 11 мыңнан астам оқушыға есептелген.

💬 «Сарыжар ауылында 300 орындық заманауи мектеп салынды. Жұмысты «Норис және К» мердігерлік ұйымы орындауда. Нысанда бейнебақылау камералары орнатылған, жұмыс сапасына тұрақты бақылау жүргізіледі. Оқу орнына инженерлік желілер мен кірме жолдар тартылды. Мамыр айында нысанды толық аяқтап, тапсыруды жоспарлап отырмыз», - деді басқарма басшысы.

🔹 Сарыжар – өңірдегі дамыған ірі ауылдардың бірі. Онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Бүгінде мұнда екі орта мектеп жұмыс істейді, бірақ олардың қуаты жеткіліксіз болып тұр. Хлебодар мектебі 41% шамадан тыс жүктелген. 450 орынға есептелген мектепте 635 оқушы оқып жүр. Сарыжар мектебі 128% артық жүктелген. Оқу ұйымы 320 орынға есептелген, алайда онда 730 оқушы оқиды.

Жергілікті тұрғындар жаңа оқу орнының ашылуын асыға күтуде. Солардың бірі – екі ай бұрын отбасымен ауылға қаладан көшіп келген Жақсылық Күзенов.

💬 «Біз мұнда екі ай бұрын көшіп келдік. Үш балам бар. Олардың барлығы әлі № 27 мектепте оқиды, бірақ сарыжарда мектеп ашылғаннан кейін біз оларды міндетті түрде жаңа оқу орнына ауыстырамыз. Біз мұны асыға күтеміз», - деді ауыл тұрғыны.

🔹 Сарыжардағы жаңа мектеп ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға маңызды үлес қосады және ауыл балаларына сапалы білім беру үшін тең мүмкіндіктер жасауға ықпал етеді.