Білім күні Құмсай ауылында жаңа мектеп ашылды

Білім күні Құмсай ауылында жаңа мектеп ашылды

1 қыркүйек күні Мәртөк ауылдық округінің Құмсай ауылында «Құмсай бастауыш мектебінің» ашылу салтанаты өтті. Шараға аудан әкімі Алмас Салықбаев қатысты.

«Биылғы оқу жылында ауданымыздың 28 мектебі барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмысын бастайды. Бұл біздің жалпыға ортақ мерекеміз, өйткені әр жұмыстың және әр кәсіптің негізінде білім жатыр. Мәртөк ауданының әкімдігі мемлекет қолдауының нәтижесінде білім беру жүйесін тұрақты дамыту үшін бюджеттің басым бөлігі білім саласына беріліп отыр»,- деп аудан басшысы мектептің ашылу салтанатына жиналған оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар ұжымын құттықтады.

2016 жылы, оңтайландыру процесі барысында Құмсай бастауыш мектебі бала санының аз болуына байланысты жабылған болатын. Облыс басшысы О.Оразалинның қолдауымен, мектеп ашу мақсатында жаңа ғимарат сатып алынды. Аталмыш ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, 2021-2022 оқу жылында пайдалануға беріліп отыр. Құмсай бастауыш мектебіне 1-4 класс баратын оқушылар саны - 12, мектеп жанындағы шағын орталықта 13 бала тәрбиеленетін болады.