
Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов Қарашай ауылдық округіне барып, Аққайың және Қаратаусай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында 2025 жылы округте атқарылған жұмыстардың қорытындылары баяндалып, 2026 жылға жоспарланған негізгі жобалар мен бағыттар таныстырылды. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер мен өзекті мәселелер хаттамаға енгізіліп, оларды кезең-кезеңімен шешу тетіктері түсіндірілді.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Омарғалиев қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар аудандық аурухананың жаңа басшысы Жайлыбаев Жамбыл медицина саласына қатысты тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Кездесу аясында 2025 жылы атқарылған нақты жұмыстарға тоқталынды. Ауыл ішілік көшелерге қосымша жарық шамдары орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Аққайың ауылында табиғи газ жүйесі іске қосылып, бүгінде 38 тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысан – Қаратаусай орта мектебі, ауылдық клуб және «Болашақ» балабақшасы газбен қамтамасыз етілді.
Абаттандыру бағытында балалар ойын алаңдары жөнделіп, сырлау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Спорт алаңындағы тозығы жеткен темір қоршаулар жаңартылып, екі елді мекендегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары тазаланды. Көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылішілік жолдар тегістеліп, аудан орталығына апаратын жолдардағы шұңқырларға қиыршық тас төселді.
Сонымен қатар, Мәртөк–Қаратаусай 2,5–19,6 км автомобиль жолын орташа жөндеу жобасы бойынша мердігер мекеменің міндеттемелерін толық орындамауына және ақаулардың анықталуына байланысты сотқа талап арыз беріліп, қаражатты кері қайтару жөнінде шешім қабылданды. Аталған жоба қайта түзетуден өтетін болады.
Ал Қаратаусай–Аққайың автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаның жалпы құны – 951 млн теңге, ұзындығы – 12 км. Қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім ұсынылды.
Сондай-ақ Аққайың жалпы орта білім беретін мектебіндегі шөккен қабырғалар бөлігін жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, аяқталды.