
Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов жұмыс сапарымен Байторысай ауылдық округіне барып, Дмитриевка, Покровка, Полтавка және Байторысай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
👮♂️ Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады.
Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Омарғалиев қатысып, интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол тұрғындарға алаяқтықтың жиі кездесетін түрлері, одан сақтану жолдары туралы айтып, арнайы ақпараттық жадынамалар таратты.
🛣 Инфрақұрылым бағытындағы атқарылған жұмыстар:
Кездесу барысында округте жүзеге асырылған бірқатар маңызды жобалар атап өтілді. Атап айтқанда, «Мәртөк – Дмитриевка – Байторысай – Полтавка» автожолының 15–30 шақырым аралығы пайдалануға берілді.
Ал жолдың 0–15 шақырым аралығындағы 4,1 км бөлігінде анықталған ақауларға байланысты мердігер мекеме сотқа беріліп, сот шешімімен жолдағы кемшіліктерді жойып, асфальт жабындысын қалпына келтіруге міндеттелді.
🔥 Газдандыру – ауыл тұрғындары үшін маңызды жаңалық:
• Покровка ауылы толықтай газға қосылды – бұл ауыл халқы үшін үлкен қуаныш.
• Полтавка ауылына ұзындығы 8 шақырым болатын жеткізуші газ құбыры тартылды. Биыл ауылішілік газ желілерін жүргізіп, газға қосу жоспарлануда.
• Дмитриевка ауылын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылды.
• Байторысай ауылында спорт кешені, мектеп және клубтың жылу қазандықтары жаңартылып, газға қосылды.
📶 Байланыс және интернет:
• Дмитриевка ауылында ұялы байланыс мұнарасы дайын, қазіргі таңда байланыс құрылғылары күтілуде.
• Первомай ауылы KazSat спутниктік қоғамдық Wi-Fi желісіне қосылды.
Мұндай кездесулер ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін дер кезінде көтеріп, олардың шешілуіне нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді.