Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланды

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланды

2025 жылғы 29 қазан күні Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақовтың төрағалығымен, сондай-ақ Мәртөк ауданының прокуроры Сәнібек Тлеулесовтың, ҚР ҰҚК Мәртөк аудандық бөлімінің бастығы Гумар Нысаналиннің және Мәртөк аудандық сотының төрағасы Саламат Ноғаевтың қатысуымен кеңес өтті.

Жиынға мемлекеттік орган басшылары, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері қатысты.

Кеңестің негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту, құқық бұзушылық пен алаяқтық әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ қоғамда адалдық пен ашықтық қағидаттарын қалыптастыру болды.

Кеңес барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін теріс әсері, оны болдырмаудың тиімді жолдары мен әрбір мекемеде жауапкершілікті арттыру шаралары жан-жақты талқыланды.  

Жалғасбаев Жаслан Мәртөк аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы, тұрғындар арасында жиі кездесетін алаяқтық түрлерін мысалға келтіріп, олардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Иманиязова Динара әкім аппаратының персоналды басқарудың бірыңғай қызметі басшысы, мемлекеттік қызметшілердің этикасы мен тәртіп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сонымен қатар, құқық қорғау және сот органдарының өкілдері мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігі, заң талаптарын қатаң сақтау, және азаматтармен қарым-қатынаста ашықтық пен әділдік қағидаттарын ұстану қажеттігін атап өтті.

Кеңес соңында аудан әкімі Медет Ысқақов барлық мекеме басшыларына жұмыс барысында адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаларын ұстану, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеу, сондай-ақ қызметкерлер арасында жүйелі түрде түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.