Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақовтың төрағалығымен 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық пен елді мекендерді санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары бойынша кеңейтілген жиын өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Дархан Тлеуов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
📌 Жылыту маусымына дайындық Аудан көлемінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Әлеуметтік нысандар – мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен мәдениет мекемелерінде жөндеу жұмыстары аяқталып, қажетті отын қоры жасақталды. Коммуналдық кәсіпорындар – «Мәртөк-сервис» МКК және «Энергосистема» ЖШС бекітілген кестеге сәйкес өздеріне жүктелген міндеттерді орындауда. Аудан бойынша барлығы 4 қазандық жұмыс істейді, барлығы ағымдағы жөндеуден өтіп, жылу желілері гидравликалық сынақтардан өткізілді.
Жалпы аудан бойынша 91 әлеуметтік нысан бар. Оларды жылыту маусымына дайындауға қажетті 3 863,5 тонна отынның (оның ішінде 3 854 т қатты, 9,5 т сұйық) басым бөлігі жеткізілді. • Білім беру саласы: 38 мекеме бар (27 газбен, 11 қатты отынмен жылытылады). Қазіргі уақытта 1 445 тонна көмір жеткізілді. • Денсаулық сақтау саласы: 30 нысан бар, қажетті қатты және сұйық отын толық жеткізілді. • Мәдениет мекемелері: 8 ауылдық клуб газдандырылды. • Ауылдық әкімдіктер: қажетті отын көлемі толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, аудан тұрғындарын қатты отынмен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 2 жеке кәсіпкер («Қарағаш» ШҚ және «Кандула» ЖК) көмір жеткізумен айналысады. Бүгінгі күнге дейін 2 900 тонна көмір әкелінді, қалған көлем жылыту маусымының басына дейін толық жеткізіледі. Медет Ысқақов жауапты бөлім басшыларына жылыту маусымын тұрақты бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақытылы орындауды тапсырды.
🌿 Санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары Қыркүйектің 13-інен бастап аудан көлемінде көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша күзгі сенбіліктер басталды. Бұл шара қараша айының ортасына дейін жалғасады. Қазіргі таңда 4 сенбілік өткізіліп, оған 1 320 адам мен 15 арнайы техника қатысқан.
Нәтижесінде:
• 235 көше мен 13 саябақ, сквер тазартылды;
• 302 тоннадан астам қоқыс шығарылды;
• 35 кіші архитектуралық нысан қалпына келтірілді;
• 2400 тал отырғызу жоспарының 1325-і егілді;
• Жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзған 182 тұлғаға ескерту берілді.
Қорытындылай келе, аудан бойынша жылыту маусымына дайындық пен санитарлық тазалау жұмыстары жоспарға сай, жүйелі түрде атқарылуда. Аудан әкімі Медет Ысқақов барлық жауапты мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды қатаң тапсырды.