Мәртөк – негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған өңір. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 13,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде мал шаруашылығы – 11,1 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы – 2,5 млрд теңге. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов мәлімдеді. Аудан әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндап, 9 айдың қорытындысы бойынша есеп берді.
🗣️«Биыл аудан бойынша 158,4 мың гектар жерге егін егілді, оның 97,3 мың гектары жиналды. Жалпы өнім – 116,1 мың тонна, орташа өнімділік гектарына 12 центнерден келеді. Мал азығын дайындау жоспары 101% орындалып, 91 мың тоннадан астам шөп жиналды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 334 жоба тапсырылып, оның 295-і 1,5 млрд теңге сомасына мақұлданды» - деді спикер.
Айта кетейік, ауданның құрылыс саласында да айтарлықтай өсім байқалады. Мәртөк ауылында жаңа Өнер орталығы мен өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр. Сарыжар ауылында 300 орындық жаңа мектеп ашылды. Кеңсахара мен Достық ауылдарында жаңа мектептердің құрылысы басталды. Бірқатар білім нысандары мен балабақшаларда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жол жөндеу саласында биыл бірқатар жобалар жүзеге асуда. Аудандық және ауылішілік жолдардың 79%-ы жақсы жағдайда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі бойында 37,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтуде. Сарыжар ауылында бірнеше көше асфальтталды, Мәртөк ауылында жаңақоныс аумағындағы жолдарға қиыршық тас төселіп, су өткізу жүйелері орнатылды.