Ауданымызда көктемгі тасқын сулардың алдын алу, жолдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда Мәртөк – Родниковка бағытындағы облыстық маңызы бар жолдың Қаратоғай ауылы маңында су өткізу құрылысы жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 45,5 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған мердігер мекеме – “Даму мастер” ЖШС. Жөндеу жұмыстарының негізгі мақсаты – көктем мезгілінде еріген қар суының жол бойын шайып кетуіне жол бермеу, тұрғындар мен көлік қозғалысы үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау. Қазіргі таңда жұмыстардың басым бөлігі аяқталып, соңғы кезеңі жүргізілуде. Сонымен қатар аудан әкімі Медет Ысқақов Сарыжар ауылында да көктемгі еріген қар суларының арнасын бөгеп, кедергі келтіретін учаскелерді тегістеу жұмыстары қолға алынатынын атап өтті. Бұл шара ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елді мекендерде су басу қауіпінің алдын алуға бағытталған.