Биыл 1-сыныпқа 19 мыңнан астам бала қабылданады деп жоспарланып отыр. Бүгінде 15 170 бала (78,7%) өтініш берген. Құжат қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында салалық басқарма басшылары мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысы, материалдық-техникалық база мен оқу орындарының жылыту маусымына дайындығы жөнінде есеп берді.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева жаңа оқу жылында 6 жаңа мектеп ашылатынын хабарлады. Оның төртеуі — «Келешек мектептері» жобасы аясында, ал екеуі — жекеменшік мектептер. Сонымен қатар, 14 520 орынға арналған 31 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде — 4 балабақша, 26 мектеп және 1 қосымша білім беру мекемесі. Бұған қоса, 1000 орындық мектеп жекеменшік инвестор есебінен салынуда.
Қазіргі уақытта мектептерде 244 мұғалім жетіспейді. Бұл тапшылықты жоғары оқу орындары мен колледж түлектері есебінен жабу жоспарлануда. Тамыз айында мұғалімдерді жұмысқа тарту үшін облыс және аудан орталықтарында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіледі.
Сондай-ақ, Бұлбұл Күзембаева биыл 4, 7, 8, 10 және 11-сыныптарға жаңартылған мазмұндағы оқулықтар енгізілетінін атап өтті. Оған 1,68 млрд теңге бөлініп, 13 баспамен 135 келісімшарт жасалды. Оқулықтарды жеткізу 25 тамызға дейін аяқталады.
17 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оған 5,36 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 11 мектеп, 5 балабақша, 2 колледж және 1 қосымша білім беру мекемесі бар. Жөндеу жұмыстары 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Тек Ембі қаласындағы №4 мектеп құрылысы ғана кейінге шегерілді. Оқушылар уақытша басқа мектептерге орналастырылады.
Мектептерді жабдықтауға облыстық бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлінді. Былтырғы жылмен салыстырғанда пәндік кабинеттермен жабдықтау деңгейі 71%-дан 80%-ға өсті. Сонымен қатар, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында 9 колледжге 898,9 мың теңге көлемінде қолдау көрсетілуде. ERG компаниясы Хромтау ауданындағы мектепті жабдықтауға 200 млн теңге бөлді.
Оқушылардың қауіпсіздігі – басты назарда. Соңғы екі жылда осы мақсатта бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. 152 мектепке «Алақан» жүйесі орнатылып, ол «Әлеуметтік әмиян» платформасымен біріктірілді. Сондай-ақ, білім беру нысандарының санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілуде.
Жылыту маусымына дайындық аясында ауыл мектептеріне қатты және сұйық отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 807,6 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда отын жеткізілуде. Қазандықтардың жағдайы да тексерілуде: 58 нысанға қазандықтарды ауыстыру, 68 нысанға қосымша жабдық қажет. Бұл мақсатта 220 млн теңгеге бюджеттік өтінім берілді.
Өз кезегінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиева білім беру жүйесіндегі шұғыл шешуді қажет ететін негізгі мәселелерді атап өтті. Оның баяндамасында мектеп инфрақұрылымы, кадрмен қамтамасыз ету және білім сапасы негізгі назарда болды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндады. Ақтөбе қаласындағы Шилісай тұрғын алабында 600 орындық мектеп, Мұғалжар ауданы Ащысай ауылында 60 орындық мектеп, Қандыағаш қаласының Самал ықшам ауданында 600 орындық мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар, Мәртөк ауылындағы №3 мектепке, Ембі қаласындағы №7 мектепке және Қаракөл ауылындағы Жұбанов атындағы мектепке спорт залдар салынуда. Барлық жұмыстар бекітілген кесте бойынша жүргізілуде, сапасы мен мерзіміне тұрақты бақылау орнатылған.
Облыс әкімі Асхат Шахаров барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Ол оқу жылы еш кедергісіз басталуы қажет екенін атап өтті. Әкім жұмыс сапасы, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы, оқушылардың қауіпсіздігі мен оқулықтардың дер кезінде жеткізілуіне ерекше көңіл бөлуді талап етті.
«Біз оқу жылының басталуына дейінгі ең маңызды кезеңге аяқ бастық. Бұл жерде салғырттыққа, формализмге немесе сылтауға орын жоқ. 1 қыркүйекке дейін барлық мектеп, балабақша, колледж балаларды қабылдауға толық дайын болуы тиіс. Бұл — біздің балалар, ата-аналар және қоғам алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Білім беру мәселесіне көзқарас түбегейлі өзгеруі керек — барынша жауапты деңгейде болуы тиіс. Біз жай ғана ғимараттар емес, болашақ ұрпақ өсіп-өнетін орта қалыптастырып жатырмыз.
Жүргізілетін жұмыстардың сапасы мен инженерлік инфрақұрылымға ерекше мән берілуі тиіс. Қағаз жүзінде тапсырылған нысанның ішінде оқушылар суықта отыруға немесе оқулықсыз оқуға мәжбүр болмауы керек.
Мектеп қауіпсіздігіне де бақылауды күшейтуді тапсырамын: кіреберістер, бейнебақылау, дабыл түймелері мінсіз жұмыс істеуі тиіс.
Барлық басқарма мен коммуналдық қызмет басшылары тек бақылап қана қоймай, тікелей араласып, жағдайды өз назарында ұстауы тиіс. Қалған уақытта нысандардың дайындығын бақылап, туындаған мәселелерді жедел шешу қажет. Білім беру — бұл басты басымдық, босаңсуға болмайды», — деді өңір басшысы.