2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 157,8 мың адам қамтылды, оның ішінде 143,2 мың қазақстандық жұмыспен қамтылды.Карьера орталықтары арқылы субсидияланатын жұмыс орындарына 106,3 мың адам жолданды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына – 9,6 мың адам, жастар практикасына – 6,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарға – 78,3 мың адам, «Күміс жас» жобасы аясында – 11,1 мың адам, «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында – 680 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 33 адам.
Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Сұранысқа ие еңбек нарығы дағдылары бойынша онлайн-оқытумен 36,6 мың жұмыссыз қамтылды, олардың 34,5 мыңы оқуды аяқтады.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне 14,1 мың адам оқытылды, олардың 7,3 мыңы оқуды аяқтап, сертификат алды. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 802 адам жолданды, олардың 51-і оқуды аяқтады.
Сонымен қатар, кәсіби бағдарлау орталықтарында 140,7 мың адам кәсіби бағдарлау мен кеңес беру қызметтерін алып, болашақ қызмет саласын таңдауға мүмкіндік алды. Айта кету керек, азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады және жұмысқа орналасу фактісі міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталады.
Осылайша, 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 143,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында – 87,8 мың адам, жұмыс берушілер Электронды еңбек биржасына орналастырған бос жұмыс орындарына – 31,7 мың адам, Президенттің «Әр 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 23,6 мың адам, орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар аясында – 42 адам.
Бұдан бөлек, 2025 жылы әлеуметтік осал топтар үшін жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 мың грант беру көзделіп отыр. Гранттарға өтінім қабылдаудың бірінші кезеңі 2025 жылғы 21 мамыр мен 3 маусым аралығында өтеді.