
07.04.2026 ж. ауылдық округ әкімі тарапынан ауыл тұрғындарының жалпы жиыны өткізілді. Жиын барысында елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Кездесу аясында сенбіліктерді ұйымдастыру және өткізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұрғындарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз аула аумақтарының тазалығын сақтау, сондай-ақ ауылды абаттандыру жұмыстарына міндетті түрде қатысу қажеттілігі түсіндірілді.
Негізгі мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды реттеу болды. Жиын қорытындысы бойынша табын бағатын бақташылар анықталып, ірі қара мал (ІҚМ) мен ұсақ малды (ҰМ) жаю тарифтері бекітілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті түрде биркалау (сәйкестендіру) мәселелері талқыланды.
Учаскелік полиция инспекторы тарапынан келесі құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік шаралары түсіндірілді:
– ауыл шаруашылығы жануарларын қараусыз қалдыру;
– аула аумақтарында қоқыс жинау және санитарлық талаптарды сақтамау;
– интернет-алаяқтық фактілері және олардан сақтану жолдары.
Сондай-ақ ауыл әкімі тұрғындарға қолданыстағы заңнама шеңберінде жақын арада әкімдік аппаратының мамандарына да анықталған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұл салу өкілеттігі берілетінін хабарлады.
Барлық тұрғындарды белгіленген талаптарды сақтауға, жауапкершілік танытуға және ауылымыздың тазалығы мен қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуге шақырамыз.