✅Өңірде 2026 жылғы 1 наурыз бен 30 маусым аралығында мерзімді әскери қызметке шамамен 1200 азаматты шақыру жоспарлануда. 18 жастан 27 жасқа дейінгі азаматтар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Ардақ Құмаров мәлімдеді. Мерзімді әскери қызметке денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады.
📲Бүгінде әскерге шақыру үдерісі ашық әрі қолжетімді бола түсті. Болашақ сарбаздарға жеке шақыру және «1414» бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарламалар жолданады. Сондай-ақ, азаматтар кез келген сұрақ бойынша жергілікті қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің электронды поштасы мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы жедел ақпарат ала алады. Айта кетейік, әскери қызмет өткеруден жалтарған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мерзімді әскери қызметшілерге әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әскери қызмет өткеру кезеңінде несие міндеттемелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.
Қызметін абыроймен аяқтаған әскери қызметшілер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына ақылы негізде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай түсу құқығына ие болады, ал үздік әскери қызметшілерге грант негізінде оқу мүмкіндігі ұсынылады.
