Отандық тауар өндірушілерімен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға артты

Отандық тауар өндірушілерімен жасалған келісімшарттар көлемі 23%-ға артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту міндетін қойды. Осы тапсырма шеңберінде 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қабылданды. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл қабылданған шаралар нарық қатысушылары үшін де, жалпы жүйе үшін де айтарлықтай нәтиже көрсете бастағанын айтты. Заң тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізушілер үшін ашық әрі бәсекеге қабілетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты, деп хабарлайды Primeminister.kz. Оның айтуынша, реформаның басты нәтижесі сатып алу рәсімдерінің мерзімін түбегейлі қысқарту және артық бюрократиялық кедергілерді жою болды. «Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң күшіне енді. Бұл заң сатып алу рәсімдерін жеделдету, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ сатып алу процестерін одан әрі автоматтандыру бағытында маңызды бетбұрыс болды», — деп атап өтті ол. Реформаның басты элементі – рейтингтік-балдық жүйе қолданылатын конкурстық рәсім, онда шешімдер адам қатысуынсыз, автоматты түрде, ЖИ элементтерін пайдалану арқылы қабылданады. «Қорытындылар бес күн ішінде шығарылады. Рейтингтік-балдық жүйенің негізгі критерийлері: жұмыс тәжірибесі, компанияның қаржылық тұрақтылық көрсеткіші, белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке тиесілігі және т.б. Салыстыру үшін айтсақ, бұл заң қабылданғанға дейін конкурстық рәсімдер кемінде 60 күнге созылса, рейтингтік-балдық жүйе енгізілгеннен кейін бұл рәсімдер орта есеппен 5 күнде аяқталады. Рейтингтік-балдық жүйе қолданылмаған жағдайда, әдеттегі конкурстар 10 жұмыс күніне дейін созылады», — деп атап өтті Дәурен Кеңбейіл.