
Ақтөбелік тұтынушылар өз құқықтарын қорғауда белсенді бола бастады 2025 жылдың 11 айында облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне құқығы бұзылған тұтынушылардан 1733 өтініш кеп түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға көп көрсеткіш. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ақбота Жұмамұрат мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, ең көп шағымдар бөлшек сауда, тұрмыстық және онлайн қызметтер саласына қатысты. «2025 жылдың 11 айында департаментте 1733 өтініш қаралды. Өтініштердің көп бөлігі тұтынушылардың пайдасына шешілді, нәтижесінде тұтынушыларға 92,8 млн теңге қайтарылды. 2025 жылдың басынан бері тұтынушы құқықтарын бұзғаны үшін 155 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдар мен ескертулер берілді», - деді Ақбота Жұмамұрат. Департамент өкілі тұтынушыларға өз құқықтарын қорғаудың бірнеше тиімді жолын атап өтті. Ол үшін алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша шағым жолдауға болады.
Сондай-ақ, eotinish.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге мүмкіндік бар. Қоғамдық ұйымдардан кеңес алып, қажет болған жағдайда сотқа жүгіну де тұтынушылар құқығын қорғаудың заңды тетіктері болып табылады.