Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өтті

Қызылжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өтті

Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов жұмыс сапары аясында Шевченко, Бөрте және Қызылжар ауылдарына барып, жергілікті халықпен жүздесті.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Онда округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өткен жылдағы атқарылған жұмыстар және алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар кеңінен қаралды. Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеді.

Жиынға аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Омарғалиев қатысып, интернет алаяқтықтың алдын алу мәселесіне тоқталды. Ол тұрғындарға алаяқтықтың жиі кездесетін тәсілдері мен сақтану жолдарын түсіндіріп, ақпараттық жадынамалар таратты.

Кездесу барысында округ аумағында жүзеге асырылған бірқатар маңызды жобалар атап өтілді. Атап айтқанда, 2025 жылы Шевченко, Бөрте және Қызылжар ауылдары газ желісіне қосылды. Сонымен қатар Қызылжар мен Бөрте ауылдарын жалғайтын көпір құрылысы аяқталу сатысында. Ауылішілік жолдарға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді.

Кездесу қорытындысында аудан әкімі тұрғындармен кері байланыстың жалғасатынын айтып, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.