Облыстық мәслихат төрағасы ауданға іс сапармен келді

Облыстық мәслихат төрағасы ауданға іс сапармен келді

Ауданымызға облыстық мәслихаттың төрағасы Сүйінтаева Гүлқасима және облыстық мәслихат депутаттары Дүйсенова Айгүл, Масалимова Күлшат, Тлегенова Бану жұмыс сапарымен келді.

Мәртөк ауданы 32 елді мекеннен тұрады, негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Саладағы өндіріс көлемі 37,9 млрд теңгені құрайды. 2025–2027 жылдары «Айс» ЖШС-нің сүт тауарлы фермасын кеңейту жобасы 12 млрд теңгеге субсидияланды.

Аудандағы 32 елді мекеннің 24-і (75%) газдандырылған, бұл елді мекендерде аудан халқының 94%-ы тұрады. Өткен жылы 9 елді мекенге газ жеткізілді.
Жол инфрақұрылымы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі бойында 37,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті, Мәртөк–Дмитриевка–Полтавка бағытындағы жол орташа жөнделді. Мәртөк ауылындағы 6 көшеге асфальт төселді.

Кеңсахара және Хазірет ауылдарындағы орталықтандырылған су жүйесін жөндеуге 600 млн теңге бөлініп, жұмыстар биыл жүзеге асырылады.

2025 жылы ауданға облыстық бюджеттен 12,3 млрд теңге бөлініп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асуда. Аудан орталығында Өнер орталығының құрылысы аяқталуға жақын, сондай-ақ жаңа өрт сөндіру депосы салынуда.

Білім беру саласында Мәртөк ауылындағы №3 мектептің спортзалы аяқталды. Кеңсахарада 100 орындық, Достықта 60 орындық жаңа мектептердің құрылысы басталды. «Айналайын» балабақшасы мен Құрмансай мектебінде күрделі жөндеу жүргізілді. «Жайсаң көпсалалы колледжі» ғимараты жаңартылып, бірқатар мектептерде ішінара жөндеу жұмыстары атқарылды.

Тұрғын үймен қамту бағытында 2024 жылы 54 пәтер сатып алынса, 2025 жылы 80 пәтерге 1,5 млрд теңге бөлінді. Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы 330,9 млн теңгеге нығайтылып, Байнасай дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті.

Сонымен қатар, ауданда қаржыландыруды қажет ететін бірқатар дайын жобалар бар. Жиын барысында осы мәселелер жан-жақты талқыланды.

Іс сапар аясында Гүлқасима Рамазанқызы ауданымыздағы Ұзақ өмір сүру орталығы, Қамқор орталығы, Мансап орталығы, аудандық аурухана және Жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысты.