Ақтөбе қаласында азаматтарды жұмыспен қамту және жаңа кәсіптерге үйрету бағытында кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мақсат – әр адамның еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау.
Мансап орталығы арқылы тұрғындар қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстарына қатысып, сұранысқа ие мамандықтарды тегін меңгеріп жүр. Мекеме директоры Айна Мурзатаеваның айтуынша, биыл 130 адамды түрлі мамандықтар бойынша оқыту жоспарланған. Бұл бастама «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асып жатыр.
Оқу мерзімі – үш ай. Тыңдаушыларға мемлекет есебінен шәкіртақы (43 574 теңге) төленіп, медициналық тексеруден өтуге қосымша төлемақы қарастырылған. Курсты тәмамдағандарға сертификат табысталып, тұрақты жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі.
Биыл шаштараз, тігінші, аспаз, кондитер, сантехник және есепші сияқты танымал мамандықтарға сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 83 адам оқуын аяқтап, еңбек жолын бастап кеткен, тағы 20 адам білімін жалғастыруда.
Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы тұрғындарға кәсіпкерлік негіздері үйретіліп, өз ісін ашуға 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (1 572 800 теңге) мемлекеттік гранттар берілуде. Грант иегерлері бұл қаржыны өндіріс ашуға, құрал-жабдық алуға немесе өзін-өзі жұмыспен қамтуға жұмсай алады.
Қолдау әсіресе әлеуметтік осал топтарға – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларға бағытталған.
Жастар да назардан тыс емес. «Жастар тәжірибесі», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары жас мамандарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда еңбек нарығында бухгалтер, тәрбиеші, балалар психологі, логопед-дефектолог және медицина мамандарына сұраныс жоғары.
Жұмыс іздеп жүрген азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгініп немесе www.egov.kz
және Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы тіркеле алады.