Қобда ауданында бүлінген мүлікке өтемақы беріле бастады

Қобда ауданында бүлінген мүлікке өтемақы беріле бастады

Қобда ауданында шығынды өтеуге барлығы 259 өтініш қабылданған. Комиссия 133 үйді тексеріп, оның бесеуіне мамандар баға берген. Ауданның алғашқы бес тұрғыны жалпы сомасы 15 миллион теңгеден астам өтемақы алды.

Қобда ауданындағы су тасқыны зейнеткер Александр Лашконың да мүлкін бүлдірген. Қария Қобдадағы Алматы көшесінде жалғыз тұрады. Ол су тасқыны болған күнді мұңая еске алады.

«Аулаға шықсам, көшеде су ағып жатқанын көрдім. Қолыма күрек алып, аулаға су кірмейтіндей етіп қоршаудың жанына топырақ төсеймін деп ойладым. Мен қазып жатқанда су тез көтеріле бастады. Содан кейін құтқарушылар келді. Олар: «Суға батып кетесіз. Бізбен кетуіңіз керек», —деді. Біреуі мені арқасына салып көтеріп, қайыққа жеткізді. Су тізеге дейін жетті. Содан кейін мені спорт кешеніне әкелді», – дейді Александр Лашко.

Қария  бірнеше күн кешенде болды. Су басылған соң үйге қайтуға бел буған.

«Үйдегі қалған суды сорып аламын деп ойлаймын. Үйге баруға болады деп шешкенмін. Ал ол жерде қабырғалар опырылып, төбесі түсіп жатыр. Үйдің өзі жарты метрге батып кеткен. Аудан және ауылдық округтің әкімі келді. Олар мені жалғыз тұратын зейнеткер ретінде бақылауға алды. Маған жаңа үй салып береміз деді. Қазір мен спорт кешенінде тұрып жатырмын. Мұнда тамақ, қажеттінің бәрі бар: төсек-орын, киім-кешек, көрпе. Аптасына бір рет жуынуға болады. Ешқандай шағымым жоқ, жағдайым жақсы. Мұндағылар маған 369 мың теңге болатын бірреттік төлем алуға көмектесті. Сондай-ақ екі рет: 15 мың және 35 мың теңге көлемінде ақша берді», - дейді зейнеткер.

Зейнеткердің үйін комиссия барып қарады.

«Саманнан салынған үйді 1,2 метрге дейін су басқан. Нәтижесінде қабырғалары қисайған. Сарайдың қабырғалары да опырылып жатыр. Үйдегі барлық тұрмыстық заттар, ыдыстар жарамсыз болып қалды. Үй иесінің төлқұжаты бар. Біз бәрін суретке түсірдік. Енді сарапшылардың қорытындысын күтеміз», - дейді комиссия өкілі Арман Елеуов.