"Ата кәсіп - ұлт мирасы" этнофестиваль өтті

"Ата кәсіп - ұлт мирасы" этнофестиваль өтті

18 маусым күні Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері, Қобда ауданының құрметті азаматы Алтынбек Әкімжановтың 100 жылдығына орай "Ата кәсіп - ұлт мирасы" атты этнофестиваль өтті.

Еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін насихаттауға арналған іс-шара барысында асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып отырған ауылшаруашылық құрылымдары, үздік шопандар марапатталып, қой қырқу, қой союдан, қой көтеру, қозы көтеруден жарыстар және қошқарлар көрмесі өтті. Сонымен қатар ақ жаулықты аналар жас келіндерге табақ тарту дәстүрінен шеберлік сағатын өткізіп, ұлттық спорт түрлерінен білектілер мен жүректілер күш сынасты.

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырумен сүт, ет, дән, қолөнер, салт-дәстүр бағытында көрмелер қойылып, үздіктер анықталды.

Сонымен қатар ауданымыздың ауылшаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы", "Ауылшаруашылығы саласының үздігі" медальдары, ал ауданымыздың ардақты абыз ақсақалдарына "Қобда ауданының құрметті азаматы" атағы табысталды.

Бұл күні ән мен күйден шашу шашылған мерейлі мерекелік шараға келгендер ақжарма тілектерін ақтарып, Қобда жері ерекше шаттыққа кенелді.