Қобыланды батыр мемориалды кешеніне 15 жыл толды

Қобыланды батыр мемориалды кешеніне 15 жыл толды

Тура 15 жыл бұрын қазақ тарихында аты аңызға айналған Қобыланды батыр жерленген жерде мемориалды кешен ашылған болатын. Ол Қобда ауданына қарасты Жиренқопа ауылына жақын маңда орналасқан. Мемориалды кешеннің авторы - атақты сәулетші Бек Ыбыраев. Кесененің 21-ші ғасырда салынған осындай құрылыстар арасында баламасы жоқ. Оның биіктігі 16,9 метр, пішіні батырдың дулығасына ұқсайды. 2017 жылы кешенді қалпына келтіру жұмыстары басталып, бір жылдан кейін жанынан визит орталық ашылған болатын.

Кесененің ашылғанына 15 жыл толуына орай 21 мамырда есте қаларлық оқиға өтіп, оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жан жақтан жиналған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен т.б. қонақтар қатысты.

"Осындай іс-шаралардың ұлттық рухты оятуда маңызы зор. Қобыланды батыр туралы аңыз жүздеген жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Туған жерін қорғаған батырдың образы ұлан-байтақ даламыздың тұрғындары үшін ғасырлар бойы үлгі болып қала бермек. Осы білімді біз ұрпақтарымызға беруге тиіспіз",- деді өз сөзінде Оңдасын Оразалин.

Шара барысында "Қобыланды батыр" дастанынан үзінді оқыған оқушылар марапатталды. Олар: Жиренқопа орта мектебінің 9 сынып оқушысы Аянат Алдашева, Бестау ауылынан келген 5 сынып оқушысы Нұршат Ермекова, Исатай Тайманов атындағы гимназияның 6 сынып оқушысы Адина Әбішова мен Қосөткел негізгі мектебінің 7 сынып оқушысы Ержан Күйшебайұлы.