Елбасы жария еткен Рухани жаңғыру бағдарламасының басты бағыттарының бірі – ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді қайта жаңғырту болса, осыған орай «Nur Otan» партиясының тарапынан да нақты жобалар қолға алынған. Өскелең толқынның қазақтың ауыз әдебиетімен сусындауына, жастардың шығармашылығының шыңдалуына «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының әсері мол. Мектеп оқушылары арасында «Nur Otan» партиясы жастар қанаты мен аудандық білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Qazaq Epos» республикалық жобасы аясында «Тұлпар шауып, ту алған» атты байқауының аудандық кезеңі болып өтті. Байқауда бақ сынаған шәкірттер «Ер Едіге» жырын жаттап айтудан өзара мықтыны анықтады. 47 қатысушының арасынан жеңімпазды анықтау әділқазыларға оңай соқпады. Байқаудың шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде Ер Едіге дастанын жатқа оқыса, екінші кезеңде мәтінді мәнерлеп оқудан жарысты.
Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар алқасы Калиновка орта мектебінің 9 сынып оқушысы Гауһар Бақтыгереева 1 орынға лайық деп шешті. Екінші орынды Қобда қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы Ақбота Мусина иеленсе, үшінші орынды Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебінің оқушысы Зелей Нұрсая алды. Байқауда бірінші орынға 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге, үшінші орынға 50 мың теңгеден сыйлықтар табысталды. Байқаудың марапаттау сәтіне аудан әкімі Болат Құлов қатысты. Ол батырлар жырының этномәдениетімізді дәріптеудегі зор ықпалына тоқталды. Жүлделі орын алған балаларға сәттілік тіледі. Жеңімпаздар облыста аудан намысын қорғайтын болады.