Ақынның мұрасы – мәңгілік

Ақынның мұрасы – мәңгілік

Бүгін жерлесіміз, белгілі ақын, дарынды аудармашы, публицист, журналист Өтегенов Амантай Шәмілұлының 70 жылдығына орай ақынның білім алған Жарсай орта мектебінде ұшқыр ойлы ағамыздың естелік тақтасының ашылу рәсімі өтті. Шараға ҚР Жазушылар Одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, белгілі ақын Б.Б.Өтеулиев, ақын Б.Құрманқұлов, ақынның зайыбы О.М.Тургенева мен балалары және немерелері арнайы келіп қатысты. Естелік тақтаның ашылуы қарымды қаламгерді еске алуға арналған кешке ұласып, Амантай Шәмілұлының сыныптастары мен достары ардақты ағамыз жайлы естеліктерімен бөліссе, жас өрендер ақынның шығармаларын оқыды.

Шара барысында биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған «Амантай Өтегенов оқулары» байқауының жүлдегерлерін марапаттап, ақынның жары Орынгүл апамызға және игілікті шарамыздың ұйымдастырылуына себепкер болған Бауыржан Бабажанұлына сый-құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, Амантай ағамыздың 70 жылдығына орай биыл ақындар арасында облыстық жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып, оған аудандық бюджеттен 1 млн теңге көлемінде жүлде қоры белгіленген болатын. Сонымен қатар ауданның білім беру мекемелерінде өткен аудандық «Амантай Өтегенов оқулары» шығармашылық байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады.

Ақынның мұрасы – мәңгілік. "Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді" деген осы!