Аудан әкімі Болат Құловтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде алты негізгі мәселе қаралып, кеңінен талқыланды. Жиында ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары бос қосты.
Экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Дәулет Назаров қаңтар-тамыз айлары бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндады. Тартылған инвестицияның көлемі, өндірілген жалпы өнім, салық түсімдері секілді маңызды мәліметтерді алға тартты. Аудан әкімі оларды ұлғайту, кейбір іске қосылған нысандар мен әкелінген малдың тіркелмей отырғанын сөз болып, осыған назар аударуды тапсырды.
Коронавирус індетіне қарсы вакцина алу барысы жайлы аудандық аурухананың бас дәрігері Әсет Шарапатов айтып жеткізді. Жоспар бойынша Қобда ауданында 9451 тұрғын вакцина алу қажет болса қазір 7912 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін алған. Бұл 83,7 пайыз.
Қобда ауданында жүйелі түрде 3285 тұрғынның біріңғай жарнаны төлеуі тиіс екендігін атаған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рәзия Жолдыбаева олардың көбінің төлемей отырғандығын жасырмады. Азаматтың емделуі, зейнетке шығуы кезінде үлкен дау тудыратын түйіткілді мәселені шешуге ауылдық округ әкімдерінің баса көңіл бөлу керектігін айтты. Тамыз айында кейбір ауылдық округтерде бірде бір өзін өзі қамтушы біріңғай жиынтық аудармағанын айтты.
Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Бағдәулет Түктібаев егін ору науқанының сәтті аяқталып, орташа өнім 8,7 центнер құрағаны жайлы ақпар берді. Шөп шабу, мемлекеттік бағдардарламар арқылы мал санын арттыру турасында жеткізді.
Облыстық ветеринария басқармасының Қобда ауданы бойынша өкілі Айгерім Байчеркасс ветеринариялық ахуал төңірегінде баяндама жасап, толғақты жайттарды ортаға салды.
Аппарат мәжілісінен қысқы жылыту кезеңіне дайындық жайы да тысқары қалмай аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Күнзия Тулешова әлеуметтік нысандардағы жылыту қазандықтарының жай-күйі, әкелінген отын туралы баяндады.
Жиынды түйіндеген аудан басшысы алға қойылған міндеттердің бәрі халықтың игілігі үшін екенін атап, қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, орындау мерзімдерін белгіледі.