Аудан әкімі Болат Куловтың аудан тұрғындарын 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтауы

Аудан әкімі Болат Куловтың аудан тұрғындарын 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен құттықтауы

Қымбатты Отан қорғаушылар! Қадірменді тыл еңбеккерлері!

Сіздерді 7 мамыр - Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс күнімен шын ықыласыммен құттықтаймын! Бұл қос мереке батырлардың даңқты рухын ардақтап, Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күндер. Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі.

Отан қорғаушылар күні мерекесі - Тәуелсіздігімізді қорғаған азаматтарға тағзым ететін қастерлі күн болса, Ұлы Жеңіс күні мерекесі – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келмегені баршамызға белгілі. Сол зұлмат жылдары майдангерлердің иығына ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанып, оқ болып атылды. Адамзат тарихындағы сұрапыл соғыста қасиетті Қобда жерінен шыққан Әлия Молдағұлова бастаған батырларымыз қайсар ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріптермен жазды. Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан жерлестеріміздің және Кеңес Одағының Батыры атағын алған даңқты сегіз Батырымыздың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ерлік істерімен тарих парақтарынан өшпестей орын алып, бейбіт өмір жолында құрбан болған батырларларымыздың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау біздің басты міндетіміз. Елімізде орын алған пандемия жағдайына байланысты көпшілік бұқаралық мәдени шаралар онлайн түрде атап өтіледі. Бірақ, Ұлы Жеңіске деген құрмет, осы күнді жақындатқан тыл ардагерлерінің бір де біреуі назардан тыс қалмайды. Өйткені, бұл Жеңіс – майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі.

Қадірменді жерлестер!

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында дүниеден өткен ардагерлердің аруағына тағзым ете отырып, олардың кейінгі ұрпақтарына, барлық қобдалықтарға бейбіт те, бақытты өмір, Отан қорғаушы айбынды азаматтарымызға мықты денсаулық, мұқалмас жігер, қайсар рух тілеймін! Әрқашан аспанымыз ашық болып, еліміздің тыныштығы бұзылмасын!

Ізгі ниетпен, Қобда ауданының әкімі Болат Кулов